Шартарап

«Челси» Дастан Сәтпаевты маусым алдындағы турға қосты

Сурет: Қазақстан футбол федерациясы

Лондондық «Челси» клубы Аустралия мен Азияда өтетін маусым алдындағы турға 27 футболшыны алды, олардың қатарында қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев та бар, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сәтпаев шабуылшылар тобында Коул Палмер, Лиам Делап, Джейми Гиттенс, Жоау Педру және Эстеваомен бірге тіркелген. Құрамға негізгі команда ойыншыларымен қатар «Челси» академиясының бірнеше түлегі де енген. Сапар барысында командаға басқа футболшылар да қосылуы мүмкін.

Бұл тур Сәтпаев үшін «Челси» сапындағы алғашқы шетелдік сапар болмақ. Шілде айының басында ол Лондон клубының Кобхэмдегі жаттығу базасында дайындықты бастаған еді. «Қайрат» клубының Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев шабуылшының Англияға жақсы физикалық дайындықпен барғанын және мансабындағы жаңа кезеңге толықтай көңіл бөлгенін айтқан.

«Челси» алғашқы жолдастық кездесуін 28 шілдеде Сиднейде «Уэстерн Сидней Уондерерске» қарсы өткізеді. 1 тамызда команда «Тоттенхэммен» кездессе, 5 тамызда Гонконгта «Ювентуспен», 8 тамызда Джакартада «Миланмен» ойнайды. Тур 9 тамызда Малайзияның «Джохор Дарул Тазим» клубына қарсы матчпен аяқталады.

Дастан Сәтпаевтың «Қайраттан» «Челсиге» ауысатыны 2025 жылдың ақпан айында белгілі болған еді. Бонустарды қоса есептегендегі оның трансферінің құны 4,3 миллион еуроға бағаланған. Англияға аттанғанға дейін шабуылшы алматылық клуб сапында 58 матч өткізіп, 26 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген.

Көп оқылғандар