Әлем

Caribbean Princess кемесінде 148 адам вирус жұқтырды

Сурет: princess.com

Кариб теңізіндегі круиздік сапар кезінде Caribbean Princess кемесінің бортында 148 адам асқазан-ішек ауруына шалдықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Princess Cruises компаниясы жолаушылардың бір бөлігінде асқазан-ішек бұзылыстары расталғанын мәлімдеді. Компания кемеде санитарлық шараларды күшейтіп, барлық аумақты мұқият тазалап, залалсыздандырғанын хабарлады.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) дерегінше, кеме 11 қарашада жолға шығып, 23 қарашада оралуы тиіс. Бортта 2 936 жолаушы мен 1 132 экипаж мүшесі бар.

Мамандар науқастардан сынама алғанымен, зерттеу нәтижелері әзірге дайын емес. Аурудың нақты себебі де белгісіз.

Медицина мамандары круиздік кемелерде асқазан-ішек ауруларының жиі таралуына норовирус себеп болатынын айтады. Бұл — өте жұқпалы ішек вирусы.

CDC инфекцияның алдын алу үшін қолды жиі жууды ұсынады. Кемеде тазалау және дезинфекциялау жұмыстары күшейтіліп, науқастар оқшауланып жатыр.

Сарапшылар мұндай кемелерде аурудың таралуына тағам да себеп болуы мүмкін екенін айтады. Әсіресе өзіне-өзі қызмет көрсету форматындағы буфеттерде инфекция жұқтыру қаупі жоғары.

Еске сала кетейік, Францияның Бордо портында Ambition кемесінде болған жағдайға байланысты 1 700-ден астам адам карантинге алынған еді. Олардың қатарында шамамен 1 200 жолаушы және 500-ден астам экипаж мүшесі болды.

Осыдан бірер күн бұрын Үндістанда құс фабрикасынан қауіпті вирус анықталғаны хабарланған.

Көп оқылғандар