Сурет: Жайық Пресс
Облыс әкімдігінде көп жылдар бойы білім саласына қызмет етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосқан ұстаздар құрметке ие болды. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев кәсіби тұрғыдан жоғары нәтижеге жеткен мамандарға мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Ерен еңбегі үшін» медалімен №47 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Айымгүл Диярова мен Оқушылар сарайының директоры Шолпан Сисенова марапатталды.
Педагогтарды жоғары мемлекеттік наградамен құттықтай отырып, облыс әкімі ел дамуындағы ұстаздың ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған Жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту, білім және инновациялар маңызды стратегиялық басымдықтар ретінде белгіленген.
Н. Төреғалиев жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуындағы педагогтардың рөліне ерекше тоқталды:
– Президент тамыз конференциясының пленарлық отырысында «Мықты ұстаз – сапалы ұлттың тірегі» деп атап өтті. Шынында да, ұстаз – ең жауапты мамандықтардың бірі. Еліміздің болашағын көбінесе педагогтар қалыптастырады. Технология әлемді өзгерте алады, ал адамның дүниетанымын тек нағыз ұстаз ғана өзгерте алады. Адал еңбектеріңіз үшін алғыс білдіріп, шын жүректен құттықтаймын!
Облыс әкімі ұстаздарға жаңа кәсіби жетістіктер, шығармашылық шабыт және жұмыста табыс тіледі. Ол аймақта білім инфрақұрылымын дамыту, білікті педагогтар мен дарынды оқушыларды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Марапатталғандардың артында ондаған жылғы тынымсыз еңбек тұр. Шолпан Сисенова білім саласына 31 жыл, ал Айымгүл Диярова 37 жылын арнаған. Осы уақыт ішінде олар бірнеше ұрпақ оқушыны тәрбиелеп, оларға білім, өмірлік тәжірибе және өз күшіне сенім ұялатты.
Педагогтар мемлекеттік награда – бұл олардың жеке еңбегінің жоғары бағасы ғана емес, сонымен қатар бүкіл педагогикалық ұжымның еңбегін мойындау екенін атап өтті. Сонымен қатар, олардың пікірінше, мұндай награда өз ісіне адал қызмет етуді жалғастыруға және жастарды оқыту мен тәрбиелеуге үлес қосуға одан әрі жауапкершілік жүктейді.
