Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысының делегациясы әкім Нариман Төреғалиевтің басшылығымен Ресей Федерациясының Орынбор облысына барып, іскерлік кездесулер мен мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сапар барысында өңір басшысы Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, агроөнеркәсіптік, мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуды талқылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің тату көршілікке негізделген стратегиялық саясатының арқасында өңіраралық ынтымақтастық жаңа серпін алуда.
2023–2025 жылдары облысымыздың Ресеймен сыртқы сауда айналымы 2,4 млрд АҚШ долларын құрады. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары арасындағы тауар айналымы 11,6 млн АҚШ долларына жетті.
Облыс аумағы арқылы Қазақстан мен Ресей өңірлерін байланыстыратын маңызды көлік дәліздері өтеді. Кездесуде көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Тараптар шекара маңы инфрақұрылымын жетілдіру және өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру мәселелерін талқылады.
Жайық-Орал өзенінің су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану мәселелері бөлек қаралды. Бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде биыл Ириклин су қоймасының қажетті жұмыс режимі қамтамасыз етілді. Сәуірден шілдеге дейін Январцево ауылы маңындағы гидропост арқылы өткен су көлемі шамамен 4 млрд текше метрді құрады.
Сондай-ақ өңір басшылары ауыл шаруашылығындағы өндірістік кооперацияны дамыту, аграрлық секторға озық технологияларды енгізу және тәжірибе алмасуды жетілдіру мәселелерін талқылады.
Облыс басшылары өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өңірлер арасындағы берік достық байланыстарды нығайтуға дайын екендіктерін растады.
