Сурет: Жайық Пресс
Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өңірлердің оқу жылына дайындығы қаралды. Селекторлық режимде облыс әкімі Нариман Төреғалиев те қатысты.
Өңірде оқушыларды оқытуға қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Оқушыларды әлеуметтік қолдауға 435 млн теңге бөлінсе, оқулықтар сатып алуға тағы 3,1 млрд теңге қарастырылған.
Білім инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Облыстағы 86 мектеп реновация бағдарламасына енгізілді. 2023 жылдан бері өңірде 30 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы сегіз шағын жинақты мектеп ашу жоспарлануда.
Кәсіптік білім беру жүйесі де дамуда. Қазір облыстың 35 колледжінде 15 мыңға жуық студент білім алуда. Жаңа оқу жылына төрт мың мемлекеттік білім гранты бөлініп, оның 55 пайызы техникалық мамандықтарға қарастырылған.
Цифрлық трансформация білім беруді дамытудың маңызды бағыттарының біріне айналуда. Облыста жасанды интеллект енгізу бойынша 12 жоба жүзеге асырылуда, оған 25 мыңнан астам педагог пен оқушы қамтылған.
Сонымен қатар, 18 440 мұғалім Daryn AI Ustaz бағдарламасы бойынша оқытудан өтті. Бұл педагогтарға заманауи цифрлық құралдарды меңгеріп, оларды оқу процесінде қолдануға мүмкіндік береді.
Оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. 328 мектепте буллингтің алдын алу бағдарламалары енгізіліп, 122 мыңнан астам оқушы қамтылған. Барлығы 413 білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі Н. Төреғалиев оқу жылының басына барлық дайындық шараларын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Білім мекемелеріндегі құрылыс және жөндеу жұмыстары ерекше бақылауға алынды.
Сондай-ақ, өңір басшылығына балалардың мектепте қауіпсіз болуы мен толыққанды оқуына қажетті жағдай жасау міндеттелді.
Осылайша, облыстың жаңа оқу жылына дайындығы тек мектептерді жөндеу мен жабдықтауды ғана емес, заманауи білім инфрақұрылымын дамытуды, цифрландыруды, оқушыларды қолдауды және қауіпсіздік деңгейін арттыруды қамтиды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мазмұнға өту
