Соңғы жылдары ақпарат айдынында және әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарының шаруалары «жерімізді киік отап кетті» деген сарында жиі ақпарат таратуда. Жайылым жетіспеушілігінен малдың қыстан шыға алмай қырылуы да жиілеген. Біз осы ақпараттардың қаншалықты шындыққа жанасатынын ғылыми деректер мен ресми статистика негізінде зерделеп көрдік.
- Климаттық фактор: Шөлейттену – жаһандық дабыл
2025 жылы PhD Жақыпбек Ырысжан мен оның әріптестері жүргізген зерттеу Қазақстанда шөлейттену процесінің климат пен антропогендік факторлар әсерінен күшейгенін дәлелдеді.
Зерттеу бойынша, Батыс Қазақстанда температура 3.6-4.9°C аралығында көтеріліп, ылғалдылық 64%–77% арасында құбылған. Мұндай тұрақсыздық пен ылғалдың азаюы топырақтың (Zg, XI, So түрлері) деградациясына тікелей әсер етіп, өсімдік жамылғысының қалпына келуін тежеп отыр.
- Мал санының өсуі: 26 жылдық «бум»
«Ғалымдардың зерттеуі бойынша, аймақта орташа есеппен ірі қара 2 есе, ал жылқы саны 4 есе өскен. Алайда, ең күрделі жағдай оңтүстік аудандарда байқалады: мәселен, нақты статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Жәнібекте жылқы саны 715%-ға, Жаңақалада 666%-ға, ал Казталовта тіпті 11 есеге дейін көбейген».
Ресми деректер төрт ауданда да мал басының шектен тыс өскенін көрсетеді. Бұл – жайылымға түсетін негізгі күш пен салмақтың басты себебі.
Аудандар бойынша мал санының өсу көрсеткіштері (26 жылда):
Жәнібек ауданы: Ірі қара: +286%; Жылқы: +715%
Жаңақала ауданы: Ірі қара: +308%; Жылқы: +666%
Казталов ауданы: Ірі қара: 3.6 есе; Жылқы: 11 есе
Бөкей ордасы: Ірі қара: +475%; Жылқы: +486%
Түйін: Төрт аудан бойынша жылқы санының 5-тен 11 есеге дейін өсуі жайылым ресурстарын сарқып жатқан басты фактор болып отыр.
- Жайылым тапшылығы: Сандар не дейді?
Мәслихат шешімдері мен жер қатынастары бөлімдерінің деректері жер мәселесінің апаттық деңгейде екенін растайды:
Жаңақала: Жайылым тапшылығы – 279 597 га.
Казталов: Ресми 125 332 га делінсе де, округтердің жиынтық тапшылығы – 201 835,6 га.
Бөкей ордасы: Тапшылық – 151 329,36 га.
Жәнібек: Ресми түрде 15 128,8 га жайылым жетіспейді.
- Ғалым пікірі: Киік пе, жылқы ма?
Доцент Жангелді Усенов пен Рединг университетінің (Ұлыбритания) ғалымдарының зерттеулері мынадай деректерді алға тартады:
Азық мөлшері: 1 жылқының тұтынатын азығы (8-15 кг) 3-4 киіктің (2-5 кг) салмағына тең.
Жайылу әдісі: Жылқы шөпті жерге жақын қырқып жеп, топырақты таптаса, киік тек жоғарғы бөлігін пайдаланып, үнемі қоныс аударып отырады.
«Жер жамылғысының деградацияға ұшырау тарихын Landsat спутниктік суреттері (1984–2020 жж.) арқылы талдаған Рединг университетінің докторы Джеффри Гриффитс пен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының маманы Алёна Кошкинаның зерттеуі 36 жыл ішінде егістік пен құмды алқаптардың 5%-дан астам деңгейде «тозған жерлерге» айналғанын көрсетті. Бұл өзгерістерге киіктердің көбеюі емес, бірінші кезекте климаттық құрғақшылық пен мал шаруашылығындағы шамадан тыс жайылым (overgrazing) себеп болған».
- Киік факторы
Киік санының 2,3 миллионға жетуі – экологиялық жетістік. Алайда, антропогендік жүктеме мен құрғақшылық жағдайында олардың ауыл шаруашылығы жерлеріне шығуы бәсекелестікті арттырып, мәселенің бетін ашты.
FACTCHECK: ҮКІМ
Мәлімдеме: «БҚО жерінің тозуына киіктердің көбеюі себеп».
Үкім: Жартылай шындық.
Дәлелдеме:
- Антропогендік жүктеме: Төрт ауданда мал саны 25 жылда 3-тен 11 есеге дейін өскен.
- Биологиялық айырмашылық: Жылқының жайылымға әсері киіктен бірнеше есе деструктивті.
- Климат: Температураның күрт көтерілуі (4.9°C) топырақ құнарлылығын табиғи түрде жойған.
Қорытынды: БҚО-дағы жердің тозуы – кешенді дағдарыс. Киіктер – бұл дағдарыстың себепкері емес, оның зардабын халыққа айқындап көрсетіп берген катализатор ғана.
Сыйлыхан Жұмасалық




Мазмұнға өту
