Жайық news

БҚО-да ұлттық жоба аясында 10 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Олар электр желілерін жөндеуді, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қамтиды. Осы мақсаттарға 21,9 млрд теңге қарастырылған.

Ауқымды жобалар Орал қаласында, қала маңындағы елді мекендерде және облыс аудандарында жүзеге асырылуда. Негізгі бағыттардың бірі – электр желілерін жаңғырту. Сонымен қатар, су бұру нысандары, оның ішінде Зашаған кентіндегі №29 кәріз сорғы станциясы жаңартылуда.

Соңғы жылдары мұнда тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп, тұрғындар саны артып, коммуналдық ағынды сулардың көлемі де өсуде. 2009 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан станция артқан жүктемеге төтеп бере алмады.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Беймбет Мусиннің айтуынша, қайта құрудан кейін станцияның мүмкіндіктері айтарлықтай артады.

– Жоба ғимаратты қайта құруды және үш заманауи сорғыны орнатуды көздейді: біреуі тұрақты жұмыс істейді, тағы екеуі резервте болады. Жаңартылғаннан кейін сорғы станциясының өнімділігі тәулігіне 400 мың текше метрге дейін жетеді. Қазір нысанның құрылыс дайындығы 50 пайызды құрайды. Қайта құру құны – 1,7 млрд теңге. Жұмыстарды Оралдағы Construction Group компаниясы жүргізуде, – деді Беймбет Мусин.

Құрылыс жоспар бойынша жүріп жатыр, кідірістер жоқ. Қажетті материалдар уақытылы жеткізілуде.

– Шамамен жеті мың текше метр материал әкелінді, яғни екі кезеңге жететіндей, – деді мердігер ұйымның инженері Төлеген Жантасов.

Сорғы станциясын жаңарту тек бүгінгі мәселелерді шешу үшін ғана емес, сонымен қатар оның қуатын арттыру Зашағанның одан әрі дамуына, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қосуға қажетті қор жасайды.

Осылайша, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту қазіргі және болашақ жүктемені ескере отырып жүргізілуде. Электр желілері мен коммуналдық нысандарды жаңарту жүйелердің сенімділігін арттыруға, аварияларды азайтуға және Орал мен қала маңындағы елді мекендер мен облыс аудандарының одан әрі дамуына жағдай жасайды.

Көп оқылғандар