Сурет: Жайық Пресс
Облыста Азия чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктері каратэнің дамуына үлес қосып, өңірдің спорттық беделін нығайтып жүрген спортшылар мен жаттықтырушыларды құрметтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің орынбасары, облыстық WKF каратэ федерациясының президенті Мирас Мулқай халықаралық аренада облысты лайықты танытып жүрген спортшылар мен олардың бапкерлерімен кездесті.
Чемпиондарды дайындауға елеулі үлес қосқан жаттықтырушыларға ерекше алғыс білдірілді. Азия чемпионы Ардақ Картпаеваны дайындаған Нарын Муфтахиев, Азия чемпионатының қола жүлдегері Дана Құрақбаеваның бапкері Қуаныш Қайров, сондай-ақ паракаратэден Азия чемпионы Назгүл Измағанбетованы тәрбиелеген Асқар Досжанов марапатталды.
Беделді жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, өңір намысын қорғаған спортшыларға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Қазіргі уақытта облыста каратэ одан әрі дамып келеді. Жергілікті спорт мектептерінің тәрбиеленушілері республикалық жарыстарда ғана емес, халықаралық аренада да жоғары нәтиже көрсетуде.
Кездесуде әрбір жеңістің артында тынымсыз жаттығулар, бапкерлердің кәсібилігі мен спортшы мен жаттықтырушы арасындағы сенім тұрғаны атап өтілді. Батыс Қазақстан каратэшілерінің жетістіктері өңірде чемпиондар тәрбиелеп, Қазақстанды халықаралық деңгейде лайықты таныта алатын мықты спорт мектебі қалыптасып жатқанын көрсетеді.
Мазмұнға өту
