Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында балабақша бухгалтері 30 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Прокуратураның тексеруі барысында бухгалтер 5 жыл бойы штат кестесінде бекітілген жалақыдан тыс қосымша ақшаны өз банктік шотына негізсіз аударып отырғаны анықталды.
Осы факті бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (ерекше ірі мөлшерде жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Іс әрі қарай тергеу үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Аталған баптың санкциясы мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Өзге мән-жайлар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, жария етілмейді.
