Шартарап

«Болашақ ойындары – 2026» турнирінде 800 волонтер қызмет етеді

Сурет: Egemen Qazaqstan

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турниріне 800 волонтер тартылады. Ұйымдастырушыларға 1400-ден астам өтінім келіп түскен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде 900-1000 үміткерден тұратын пул жасақталып, олардың 800-і негізгі құрамға, ал қалғандары резервке енгізілді. Еріктілердің әрқайсысы халықаралық сертификат алады.

Бағдарламаға әртүрлі буын өкілдері қатысып жатыр. Ең жас волонтер – 16 жаста, ал ең үлкені – 70-те. Бұл халықаралық деңгейдегі ірі спорттық оқиғаның бір бөлігі болуға деген ұмтылыстың жасқа қарамайтынын дәлелдейді.

Іріктеу бірнеше талап бойынша жүргізілді. Жас ерекшелігінен бөлек, үміткерлерден B1-B2 және одан жоғары деңгейде шет тілін меңгеру, командада жұмыс істей білу, күйзеліске төзімділік және өзгермелі жағдайларға жылдам бейімделу қабілеті талап етілді.

Жарыс басталғанға дейін әрбір волонтер арнайы оқыту курсынан өтеді. Бағдарлама барысында олар халықаралық сервис стандарттарын, спортшылармен, ресми делегациялармен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және жанкүйерлермен жұмыс істеу ерекшеліктерін меңгереді.

Турнир кезінде еріктілер 16 функционалдық бағыт бойынша қызмет атқарады. Олар қатысушыларды әуежайдан қарсы алып, аккредиттеуден өтуіне көмектеседі, ресми делегацияларды сүйемелдейді, көлік логистикасын үйлестіруге қатысады, медициналық қызметтер мен баспасөз орталығының жұмысына қолдау көрсетеді, ашылу және жабылу салтанаттарын ұйымдастыруға атсалысады. Сондай-ақ спорт ареналары мен көрермендер аймақтарында да қызмет етеді.

«Болашақ ойындары – 2026» аяқталғаннан кейін бағдарламаға қатысқан әрбір волонтерге халықаралық үлгідегі волонтерлік сертификат және турнирдің арнайы брендтік естелік сыйлықтары табысталады.

Волонтерлердің жұмысы алғашқы жарыс басталмай тұрып-ақ қолға алынады және турнир толық аяқталғанға дейін жалғасады. Олар ең бірінші болып қонақтарды қарсы алады, спортшыларға қолдау көрсетеді, мыңдаған көрерменге бағыт-бағдар береді және барлық қызметтердің үйлесімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Олардың еңбегі турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына, қонақжайлық пен ашықтық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ халықаралық спорттық іс-шараның табысты өтуіне елеулі үлес қосады.

Көп оқылғандар