Сурет: Egemen Qazaqstan
«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің тоғызыншы жарыс күні тартысты кездесулерге толы болды. Жарыстың шешуші кезеңі жақындаған сайын әрбір ұпайдың маңызы арта түсуде. Phygital Football сайысында отандық ұжымдар физикалық тұрғыда мығым қарсыластарды сауатты тактикамен ұтуға болатынын дәлелдеді.
Phygital Football ережесіне сәйкес, командалар алдымен футбол симуляторында 2-ге 2 форматында ойнайды, ал виртуалды голдар жалпы есепке жазылады. Екінші кезеңде ойыншылар шағын футбол алаңында бақ сынайды. Осы түрден турнирге қатысқан ACF x Allur командасы Черногорияның KMF TITOGRAD ұжымын 5:2 есебімен ұтты. Жеңімпаз команда мүшесі Тимур Ращевтің айтуынша, кездесу тағдыры виртуалды кезеңнен кейін белгілі болған, себебі ұжым цифрлық кезеңде ойыншылардың жұптарын ауыстырып, тәуекелге барған.
«Ойын қызған шақта тәуекелге бел байлап, соның нәтижесінде жеңіске жеттік деп ойлаймын. Цифрлық кезеңде жұптарды ауыстыру керек пе, әлде жоқ па деп жүз ойландық. Нәтижесінде, жұптарды ауыстырғанымыз өз жемісін берді», деді ойыннан кейін Тимур Ращев.
Еліміздің UEL Team командасы Оңтүстік Африка Республикасының Orlando Pirates ұжымымен кездесті. Цифрлық кезеңдегі сенімді жеңіс алаңдағы ойынға оң әсер етіп, кездесу 5:1 есебімен аяқталды. UEL Team ойыншысы Константин «Chpokyn» Мамхегов матчқа дейін қателіктерден сабақ алып, бұл жолы ойын жоспарын бұзбауды мақсат еткенін айтты.
– Біз диджитал бөлімге әбден дайындалдық, себебі кешегі ойынымыз жүрмеді. Ал алаңға шыққанда бірінші таймда допты ұзағырақ ұстап тұра алатынымызды білдік. Екінші таймды екі гол басымдықпен бастап, сол есепті ұстап тұруға шамамыз жететінін түсіндік. Есесіне, есепті сақтап қана қоймай, ұрымтал тұста тағы бірер гол соғып үлгердік. Біз ойынға бар күшімізді салып, салқынқандылықпен жоспардан ауытқымауға тырыстық. Диджитал бөлімде де, футболда да қарсыластың қорғанысындағы осал тұсты пайдаланып, есепті ұстап қалдық, – деді Константин Мамхегов ойын туралы.
Енді UEL Team плей-оффта турнирдің қазіргі чемпионымен кездеседі. Осы қарқынмен Мексикадан келген тегеурінді қарсыластың да осал тұсын табуға тырысады.
Phygital Dancing бәсекесінде Гүлназ Аманғали мен Andres Guardo арасындағы кездесу үшінші раундқа дейін жалғасып, отандық спортшы 1:2 есебімен жеңілді. Топтық кезеңдерде Согдиана Абдухаликова мен Иван Влашов өз топтарында үстем болды.
Phygital Shooter CS2 presented by Yandex Go дисциплинасында Ресейдің Liga Pro Team ұжымы Өзбекстанның MIRAGE TEAM командасын 3:0 есебімен жеңді. Команда CS2 карталарында айқын үстемдік етіп, кейінгі Neo Dala лазертаг аренасында 6:1 есебімен есепті еселей түсті. Team KZ командасы мен Испанияның Klan Pedrajas жұбының ойыны тартыстырақ өтті. Отандастарымыз CS2-дегі екі картаны да жеңіп, лазертагта қарсыласқа жол бергенімен, қорытынды ұпай – 2:1.
Мазмұнға өту
