Сурет: Egemen Qazaqstan
Елордада өтетін халықаралық сайыстың басталуына санаулы күн қалды. Әлемнің үздік киберспортшылары сынға түсетін додада отандық саңлақтарға зор сенім артылып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Болашақ ойындары – 2026» сайысын өткізу құқығын Қазақстан 2024 жылы иеленіп, әзірлікті сол кезден бастаған. Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ ұйымдастыратын халықаралық мультиспорттық турнирдің маңызы жоғары. Бұл аламан ел спортының әлемдік қауымдастық алдындағы беделінің нығаюын көрсетеді. «Болашақ ойындары» (GOTF) құқық иеленушісі – Phygital International ұйымы.
29 шілдеде басталатын дүбірлі дода 9 тамызға дейін жалғасады. Астана бірегей клубтық жарыс форматын қабылдайды, онда әлемнің үздік киберспортшылары алдымен виртуалды ареналарда, содан кейін нақты паркетте, татамиде және футбол алаңында бақ сынайды. Елорданың негізгі спорт нысандарында фиджитал және киберспорт сайыстары арнайы жүйемен өтеді. Халықаралық мультиспорттық турнир клубтық форматта ұйымдастырылып, құрамында әртүрлі ұлт өкілдері мен кез келген елдің азаматтары бола алады.
Турнирде ел үмітін нақты кімдер арқалайды? Дүбірлі додада 8 сайыс түрінен 11 команда мүшелеріне сенім артылған. Тек жекелей сайыс түрі Phygital Dancing Presented by Solidcore Resources тартысында ел намысын Гүлназ Аманғали қорғайды. Phygital Football UFL Presented by Samruk-Kazyna сайысында ACF x Allur пен UEL Team командасы үміткер. Phygital Basketball Presented by Halyk Fund бәсекесінде PBC Astana мен GTB KZ командасы жүлдеге таласады. Phygital Fighting Presented by Kazzinc сайысында Future Nomads командасы бақ сынайды. MOBA Mobile MLBB Presented by FREEDOM жарысына Rune Eaters командасы қатысса, MOBA PC Dota 2 Presented by CenterCredit бәсекесінде Rune Eaters командасына сенім артылған. Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank сайысында DIGA Esports командасы, ал Phygital Shooter CS 2 Presented by Yandex GO тартысында NOVAQ және Team KZ командалары шеберліктерін сынайды. Ел сенім артқан киберспортшылар мен атлеттерді іріктеу үшін ресми турнир ұйымдастырылып, үздік атанған саңлақтар ғана команда сапына қабылданды.
Мазмұнға өту
