Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада өтіп жатқан халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары – 2026» турнирі көрермен қызығушылығы бойынша жоба тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жақындап келеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жарыстың алғашқы төрт күнінде трансляциялар 85 миллионнан астам қаралымға жетті. Қазіргі қарқын сақталса, турнир аяқталғанға дейін жалпы аудитория 430-490 миллион қаралымға жетуі мүмкін. Бұған халықаралық медиасеріктестер желісінің кеңеюі ықпал етіп отыр. Турнир Қытай, ТМД, Оңтүстік Америка, Үндістан және басқа елдердегі жетекші телевизиялық және цифрлық платформалар арқылы таратылуда. Негізгі серіктестер қатарында HUYA, BIGG TV, Play TV, XP Esports, VK, bilibili, Rutube және Douyu бар.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, көрермен аудиториясының өсуіне цифрлық платформалар да ықпал етіп отыр. Өткен турнирде қаралымның шамамен 82 пайызы стримингтік сервистерге тиесілі болса, биыл бұл көрсеткіш одан әрі өсіп келеді. Ең жоғары көрермен көрсеткіші финалдық жарыстарда болады деп күтілуде. 5 тамызда Dota 2 финалы, ал 8-9 тамызда Counter-Strike 2, Mobile Legends: Bang Bang және фиджитал-футбол жарыстарының жеңімпаздары анықталады. Сарапшылар дәл осы бәсекелер аудитория өсімінің негізгі драйвері болады деп болжайды.
Турнирдің Астанада өтуі Қазақстанның халықаралық деңгейдегі спорттық және технологиялық іс-шараларды өткізе алатынын тағы бір рет дәлелдеді. Миллиондаған шетелдік көрерменді қамтыған трансляциялар еліміздің халықаралық мәртебесін арттырып, әлемдік фиджитал индустриядағы позициясын нығайтуға ықпал етіп жатыр.
«Болашақ ойындары» – дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды ұштастыратын халықаралық мультиспорттық турнир. Биылғы жарыс 29 шілдеде басталып, 9 тамызға дейін жалғасады.
Мазмұнға өту
