Шартарап

Боксшы Теміртас Жүсіпов жұбайымен бірге отбасы жанжалына қатысты үндеу жариялады

Сурет: Видеодан алынған

Бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов жұбайымен бірге отбасындағы жанжалға қатысты видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Спортшының айтуынша, отбасында келіспеушілік болған, алайда ерлі-зайыптылар жағдайды талқылап, отбасын сақтап қалу туралы шешім қабылдаған.

«Біздің отбасымызға қатысты көптеген әңгімелер мен пікірлер айтылды. Сондықтан бұл үндеуді бірге жазуды жөн көрдік. Иә, арамызда отбасылық жанжал болды. Екеуіміз де қорытынды жасап, маңызды әңгіме жүргіздік және отбасымызды сақтап қалу туралы ортақ шешімге келдік», деді Теміртас Жүсіпов.

Боксшының жұбайы өз кезегінде арызды қайтарып алу және қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш беру шешімін өз еркімен қабылдағанын айтты. Ол пабликтер әкімшілігін, блогерлер мен БАҚ өкілдерін отбасына қатысты ақпараттарды таратуды тоқтатуға және жарияланымдарды өшіруге шақырды.

Бұған дейін Айжан Жүсіпованың әпкесі қоғамнан қолдау сұрап, Теміртас Жүсіпов жұбайын өз пәтерінде соққыға жыққанын мәлімдеген. Ол әйелдің ауыр жарақат алғанын, соның ішінде миына ісік түскенін айтқанымен, бұл мәліметті дәрігерлер растаған жоқ. Кейін аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Артынша Айжан Жүсіпова күйеуіне қатысты шара қолданбауды сұрап, қарсы өтініш жазған. Соған қарамастан полиция тергеу амалдарының жалғасып жатқанын хабарлады.

Көп оқылғандар