Танымал блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан қайтыс болған соң, әлеуметтік желілерде пластикалық және косметологиялық клиникалардың жұмысына қатысты күмән туындады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге жедел жауап беріп, арнайы тексеру бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, тексеру барысында клиникалардың лицензиялары, дәрігерлердің біліктілігі және көрсетілетін қызметтердің сапасы сарапталады. Бұл ретте ведомство азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретін кез келген фактіні анықтауға уәде берді.
«Қазіргі уақытта бірқатар медициналық мекемеге жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр. Егер заң бұзушылықтар анықталса, қатаң шаралар қолданылады», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.
Сәуле Базарханның кенеттен қайтыс болуы жұртшылықты алаңдатты. Ол әлеуметтік желілерде белсенді болған, көптеген жазылушыларына сән индустриясы мен бизнес туралы кеңес беріп жүрген. Қазір оның өлімінің нақты себебі анықталып жатыр, бірақ пластикалық операциядан кейінгі асқынулар нұсқасы да қарастырылуда.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек лицензиясы бар клиникаларға жүгінуге және кез келген процедура алдында дәрігермен толық кеңесуге шақырды.

