Сурет: ЖИ
Қазақстанда 19 шілдеден бастап бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады. Ұлттық банк жаңа жүйенің кәсіпкерлерге беретін мүмкіндіктерін түсіндірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық банк төлемдер департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, қазір көптеген кәсіпкер әртүрлі банктердің төлемдерін қабылдау үшін екі-үш POS-терминал немесе бірнеше QR-код қолдануға мәжбүр. Жаңа жүйе осы мәселені шешуге бағытталған.
«Жаңа бірыңғай QR жүйесінің негізгі мақсаты – төлем жүйелерінің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету. Соның арқасында кәсіпкерлер төлем қабылдау үшін бірнеше құрылғы немесе әртүрлі QR-код пайдаланбайды. Бір ғана QR-код арқылы кез келген банктің клиентінен төлем қабылдай алады», деді Ерлан Ашықбеков.
Оның сөзінше, бұл бизнеске қосымша шығындарды азайтып, қызмет көрсету процесін жеңілдетеді. Кәсіпкерлерге жаңа жабдық сатып алудың немесе қосымша техникалық жұмыстар жүргізудің қажеті болмайды.
«Қажетті техникалық өзгерістердің барлығын банктер өздері жүзеге асырады. Сондықтан кәсіпкерлер үшін қосымша қиындықтар туындамайды. Жаңа жүйе төлем қабылдау процесін барынша ыңғайлы әрі тиімді етеді», деп атап өтті Ұлттық банк өкілі.
Сондай-ақ Ерлан Ашықбеков бірыңғай QR жүйесін енгізген кәсіпкерлер өзге төлем терминалдарымен де еш кедергісіз жұмыс жасай беретіндігін атап өтті.
Мазмұнға өту
