Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Мемлекет басшысына үндеу жолдап, жалақысының үш есеге қысқарғанын және жарыс шығындарын өз қалтасынан төлегенін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Спортшы Norway Chess турнирінің оқу-жаттығу жиындарына өз қаражатымен қатысып, секунданттарының еңбекақысы әлі толық төленбегенін жеткізді. Ол 2023 жылы әлем чемпионатында екінші алтын медалін жеңіп алғаннан кейін министрлік бекіткен 1 млн теңге жалақы алып жүргенін, бірақ 2025 жылдан бастап бұл сома үш есеге қысқартылғанын айтты. Қазақстан шахмат федерациясы оған бұрын да, қазір де жалақы төлемеген.
«Маған спорт саласының басшыларымен жұмыс істеу барған сайын қиындап барады. 2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімді жеңіп алғаннан кейін министрлік бекіткен 1 млн теңге көлемінде жалақы алып жүрдім. Алайда 2025 жылдан бастап бұл жалақы үш есе қысқартылды. Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан маған бұрын да, қазір де жалақы төленген емес. Ал шахматтан әлем чемпионатындағы жеңіс үшін берілетін сыйақы небәрі 2 мың долларды құрайды. Бұл Олимпиада жүлдесі үшін қарастырылған 250 мың долларлық сыйақымен салыстырғанда әлдеқайда төмен», деді Бибісара Асаубаева.
Шахматшы министрмен кездесуде қаржыландыру мәселесін көтеріп, қолдау уәде етілгенін, алайда бөлінген қаражаттың тек бір бөлігі ғана түскенін айтты. Қаңтар айында бапкерімен бірге министрмен кездесіп, федерация бөлген қаражаттың жеткіліксіз екенін айтқан. Министр Sport Qory қолдау қоры арқылы көмектесуге уәде берген, бірақ өтінім бергенімен, тек қаражаттың бір бөлігі ғана бөлінген. Соның салдарынан секунданттар қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ол осындай маңызды жарысқа секундант ертіп бара алмаған жалғыз шахматшы болғанын, нәтижесінде турнирде екінші орын алғанын жеткізді.
Сонымен қатар спортшы II дәрежелі «Барыс» орденін алуға тиіс болса да, марапаттау рәсімінің бірнеше рет кейінге шегерілуіне байланысты оны әлі ала алмағанын мәлімдеді.

