Спорт

Бибісара Асаубаева Олимпиадада ел намысын қорғайды

Сурет: kazsports.kz

Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) 15–27 қыркүйек аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін 46-Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасының тізімін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан құрамасында Бибісара Асаубаева (ересектер арасындағы әйелдер рейтингінде 5-орын), Алуа Нұрман (жасөспірім қыздар арасындағы әлемдік рейтингте 2-орын), Меруерт Камалиденова (жасөспірім қыздар арасындағы әлемдік рейтингте 4-орын), Елназ Қалиахмет (жасөспірім қыздар арасындағы әлемдік рейтингте 22-орын) және Зарина Нұрғалиева (жасөспірім қыздар арасындағы әлемдік рейтингте 23-орын) ойнайды. Команда капитаны – Павел Коцур.

Бұған дейін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы 2024 жылы Будапештте өтіп, Қазақстанның әйелдер құрамасы тарихта алғаш рет күміс медаль жеңіп алған болатын. Финалда олар Үндістан құрамасынан жеңілген еді.

Биылғы Олимпиадаға жалпы саны 400 команда қатысады: олардың 208-і ашық турнирде, ал 192-сі әйелдер турнирінде бақ сынайды.

Олимпиаданың ашылу салтанаты 15 қыркүйекте өтеді. Ал 16–27 қыркүйек аралығында шахматшылар классикалық уақыт бақылауымен швейцариялық жүйе бойынша 11 тур ойнайды.

Еске салайық, бұған дейін Бибісара Асаубаева Women’s Speed Chess Championship онлайн турнирін сәтті бастап, Өзбекстан өкілі Афруза Хамдамованы сенімді түрде жеңген еді.

Көп оқылғандар