Сурет: ашық дереккөзден
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева Үндістанның Бангалор қаласында өтіп жатқан Tech Mahindra Global Chess League-2026 командалық турнирінің тоғызыншы турында жеңіске жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық шахматшы FYERS American Gambits командасының сапында Үндістан өкілі Дивья Дешмухпен кездесіп, қарсыласын 4:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
Осылайша, Асаубаеваның турнирдегі еншісінде екі жеңіс, төрт тең ойын және үш жеңіліс бар. Тоғыз турдан кейін FYERS American Gambits командасы турнир кестесінде үшінші орында келеді.
Жалпы жүлде қоры 1 миллион долларды (454 миллион теңге) құрайтын Global Chess League-2026 Үндістанда 13 қыркүйекке дейін жалғасады.
Бұған дейін Бибісара Асаубаева ресейлік Полина Шуваловадан басым түсіп, алғашқы кездесудегі жеңілісінің есесін қайтарған еді. Ал турнирдің алғашқы алты турында қазақстандық шахматшы бірде-бір рет жеңіске жете алмаған.
