Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстандағы конституциялық реформалар тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды саяси жаңғырулардың бірі болып отыр. Бұл туралы Берлин Сенатының бұрынғы ресми өкілі, заңгер және саясаттанушы Михаэль-Андреас Бутц пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, конституциялық өзгерістердің басты мәні – азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту. Жаңа сайлау жүйесі халықтың демократиялық үдерістерге қатысуына жаңа серпін береді.
«Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жүзеге асырылған ең ауқымды реформалардың бірі. Оның негізгі бағыттарының бірі – жаңа сайлау жүйесі арқылы азаматтардың демократиялық процестерге қатысу мүмкіндігін кеңейту», дейді Михаэль-Андреас Бутц.
Сарапшы конституциялық жаңғырудың тағы бір маңызды қырына тоқталды: жергілікті өзін-өзі басқарудың дербестігін арттыру және өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайту. Оның пікірінше, жергілікті билік өкілеттіктерінің кеңеюі муниципалитеттердің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
«Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттігі кеңейіп келеді. Бұл муниципалитеттерге инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады», дейді сарапшы.
Михаэль-Андреас Бутц Қазақстандағы конституциялық өзгерістерді елдің ұзақ мерзімді даму бағдарымен байланыстырады. Ол реформалардың ауқымы мен мазмұнына баға бере отырып, Қазақстанның жаңғыру қарқынын аймақтағы өзге мемлекеттермен салыстырды. Сарапшының пікірінше, мемлекет таңдаған реформалар бағыты Қазақстанның өңірлік кеңістіктегі прогрессивті ұстанымын айқындай түседі.
«Бұл өзгерістер Қазақстанның жаңғыру бағытын ұстанып отырғанын көрсетеді. Бүгінде Қазақстан барлық көршілес мемлекеттеріне, соның ішінде батыстағы және шығыстағы екі ірі көршісіне қарағанда анағұрлым прогрессивті», деді ол.
Бұған дейін Конституциялық реформа саяси сабақтастығы туралы жазған болатынбыз.
