Сурет: Egemen Qazaqstan
Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналист, ақын, прозашы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының «Ақпарат саласының үздігі» Жұмабек Айдарбекұлы Табынбаевтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен туыстарына, әріптестеріне, туған халқына көңіл айтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жұмабек Айдарбекұлы саналы ғұмырын ел руханияты мен бұқаралық ақпарат саласына арнады. Еңбек жолын 1978 жылы бастап, әр жылдары өңірлік, республикалық басылымдарда абыройлы қызмет атқарды. Ол журналист қана емес, ақын әрі прозашы ретінде де қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «Өмір – керуен», «Соғыс туралы шындық», «Жадымдасың, жарқын бейне» және басқа да кітаптары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Көркем туындылары арқылы ұлттық әдебиет пен публицистиканың дамуына сүбелі үлес қосты.
Кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы, адамгершілік болмысы мен өнегелі ғұмыры әріптестері мен кейінгі буын журналистер үшін үлгі болған ардақты азаматтың жарқын бейнесі мен есімі ел жадында мәңгі сақталады.
Мазмұнға өту
