Сурет: Egemen Qazaqstan
25 қазанда Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында тоғызқұмалақтан шеберлік сабағы мен турнир ұйымдастырылды. Іс-шара «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» аясында Республика күніне орайластырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шараны Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ спорты федерациясы бірлесіп өткізді.
Жиынға дипломаттар, студенттер, білім және өнер саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Шеберлік сабағына келген 50-ге жуық адам ойынның тарихымен және ережелерімен танысып, қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын ойнап көрді.
Турнирде 32 қатысушы бақ сынады, оның екеуі – Қазақстан азаматтары. Бірінші орынды 13 жастағы қазақстандық иеленді. Екінші және үшінші орындарды Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қытайлық студенттері алды. Жүлдегерлерге Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ спорт федерациясының президенті Әкім Тұрсын атынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара аясында Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы мен Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ спорты федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тоғызқұмалақты Қытайда кеңінен насихаттау, мәдени, білім беру және спорттық іс-шараларды бірлесіп өткізуді көздейді.
Мазмұнға өту
