Сурет: kff_team
Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан Фарер аралдарына қарсы Ұлттар лигасы матчының алдында журналистерге сұхбат берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ол әңгімесін елдегі қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтумен бастап, командадағы жағдай мен капитандық туралы ойын білдірді.
«Ең алдымен, еліміздегі қайғылы жағдайдан баршаңыздың хабардар екендеріңізді білемін. Кеше Қазақстан үшін өте ауыр күн болды. Қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Бапкердің айтқанындай, ұлттық құрама жиналды. Өкінішке қарай, жарақат алған ойыншылар бар. Бірақ бұл басқа жігіттер үшін өздерін көрсетуге тамаша мүмкіндік. Барлығы жүз пайыз дайын және өз мүмкіндіктерін көрсетуге ниетті», деді ол.
Жаңа бапкер мен ұлттық құрамадағы ахуал туралы сұраққа Исламхан былай жауап берді:
«Жаңа бапкер, жаңа идеялар, жаңа талаптар. Құрамада жастар да, басқа да тәжірибелі ойыншылар бар. Жаңа бапкердің келуімен жаңа ойын басталады, барлығына тең мүмкіндік беріледі. Жігіттердің арасындағы ахуал өте жақсы. Бапкер жақында ғана келді, енді ғана бір-бірімізді түсіне бастап жатырмыз. Ертең алаңда бар күшімізді саламыз», деді Исламхан.
Фарер аралдары құрамасы туралы ол: «Фарер аралдарының соңғы ойындарын көріп, талдау жасадық. Негізінен олар қарсы шабуылдарға басымдық береді және стандартты жағдайларға үлкен мән береді. Ертеңгі ойында бәрі көрінеді. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды көрсетуге тырысамыз», деп атап өтті.
Ұлттық құрамаға қайта оралуы және капитандық туралы сұраққа футболшы былай деді:
«Мені қайтадан ұлттық құрамаға шақырғаны үшін бапкерлер штабына алғыс айтқым келеді. Өткен жылы жарақатым көп болды. Сол кездің өзінде ұлттық құрамаға қайта оралғым келетінін айтқан едім. Капитандыққа келетін болсақ, мен құрамаға енді ғана қосылдым. Бұл туралы бапкерлер штабымен көп сөйлестік. Нұралы Әліп маған жасы үлкен ойыншы ретінде құрмет көрсетті. Бапкер осындай шешім қабылдады», деп сөзін қорытындылады ұлттық құраманың жаңа капитаны.
Еске салайық, УЕФА Ұлттар лигасының С дивизионындағы бірінші тур аясында Фарер аралдары мен Қазақстан құрамалары арасындағы матч ертең, 26 қыркүйекте, Торсхавн қаласында өтеді. Ойын жергілікті уақыт бойынша сағат 21:00-де басталады.
33 жастағы Бауыржан Исламхан ұзақ үзілістен кейін ұлттық құрамаға қайта оралып, капитандық міндетті Нұралы Әліптен қабылдап алды.
Осы маусымда жартылай қорғаушы елордалық «Астана» сапында барлық турнирде 27 матч өткізіп, үш гол соқты және 10 нәтижелі пас берді.
