Сурет: DW
Поккинг қаласында темекі тұқылдарын жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғауға және қалдықтарды қайта өңдеу арқылы айналым экономикасын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиналған темекі сүзгілерінен күннен қорғайтын және көзілдіріктің жаңа жақтаулары жасалады. Қалада мұндай 20-ға жуық контейнер орнатылған.
Осылайша қайта өңдеуге ең қиын қалдықтардың бірі жаңа өнімге айналады. «Таза қала. Таза көру» ұранымен оптик маманы Гюнтер Лойбль қала аумағынан темекі тұқылдарын жинайды. Акцияға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін темекі тұқылдарын жинап, арнайы контейнерлерге тастау жеткілікті.
Жиналған тұқылдар алдымен тазартылады және целлюлоза алу үшін бөлшектерге ажыратылады. Бұл жұмысты қалдықтарды қайта өңдеуге маманданған Чили компаниясы атқарады. Өңдеу барысында шайыр, никотин және ауыр металдар сияқты зиянды заттар жойылады. Кейін осы материалдан зиянды қоспалары жоқ гранулят жасалып, ол Жоғарғы Бавариядағы көзілдірік өндіретін мануфактураға жеткізіледі. Мұнда гранулят арнайы қалыпта престеліп, одан көзілдірік жақтаулары жасалады.
Бір жұп көзілдірік жақтауын жасауға шамамен 600 темекі тұқылы қажет.
Лойбль бұл акция арқылы темекі шегуді сынауды мақсат етпейді. Керісінше, ол қоршаған ортаға зиян келтіретін қалдықты пайдалы өнімге айналдыруды көздейді.
Айта кетейік, Байқоңыр қаласында темікі тұқылын лақтырған тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды.
