Жайық news

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРЫНБОР ОБЛЫСТАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ ӨҢІРАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ОДАН ӘРІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастаған батысқазақстандық делегация Ресей Федерациясының Орынбор облысында болып, іскерлік кездесулер мен мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысты.

Сапар аясында аймақ басшысы Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің тату көршілікке негізделген стратегиялық саясатының нәтижесінде өңіраралық ынтымақтастық та қарқын алып келеді.

2023–2025 жылдары Ақ Жайық өңірінің Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 2,4 млрд АҚШ долларын құрады. Биылғы 5 айда Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары арасындағы тауар айналымы 11,6 млн АҚШ долларына жетті.

Облыс арқылы Қазақстан мен Ресей өңірлерін байланыстыратын маңызды көлік дәліздері өтеді. Кездесуде көлік-логистика саласындағы байланыстарды кеңейтуге назар аударылды. Шекара инфрақұрылымын жетілдіру, бекеттердің өткізу қабілетін арттыру жолдары пысықталды.

Жайық өзенінің су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Биыл бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде Ирикла су қоймасының қажетті жұмыс режимі қамтамасыз етіліп, сәуір-шілде айларында Январцево ауылы тұсындағы гидробекеттен өткен су көлемі 4 млрд текше метрге жуықтады.

Кездесуде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперацияларын дамыту, агросекторда озық технологияларды қолдану және тәжірибе алмасу бойынша жұмысты жетілдіру жолдары да қаралды.

Өңір басшылары өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және аймақтар арасындағы берік достық байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Облыс әкімі жылы қабылдау үшін Орынбор өлкесінің басшылығына ризашылығын жеткізді.

Кездесу соңында батысқазақстандық делегация Орынбор облыстық бейнелеу өнері музейін аралап, шығармашылық туындыларды тамашалады. 1960 жылы негізі қаланған музей қорында 8 мыңнан астам жәдігер сақталған.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Көп оқылғандар