Categories Көңіл ашар

Балқаштағы «Balkhash Tour Fest» фестивалі 75 мыңнан астам туристі жинады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Балқашта өткен «Balkhash Tour Fest» фестивалі екі күн бойы көл жағасын думанға бөледі. Биыл туризм тойын тамашалауға келген саяхатшылар саны 75 мыңнан асты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Фестиваль алғаш рет республикалық мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді. Шара спорттық сайыстармен басталып, жағажайда Color Run марафоны, мас-рестлинг, волейбол және қазақ күресі өтті. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ақшағылға келіп, фестивальдың ашылу салтанатымен құттықтады.

– Балқаш – еліміздің туристік картасындағы маңызды нысандардың бірі. Сондықтан жағалауды дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау, қызмет сапасын арттыру жұмысы жүйелі түрде жалғасады, – деді өңір басшысы.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев фестивальдың қала үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі төрт жылда фестивальдың ықпалымен алты жаңа демалыс орны салынып, сауда орындарының саны 20%-ға артқан. Аумақты абаттандыруға қаражат бөлініп, жаяу жүргіншілер жолы мен жарық шамдары орнатылды.

Мемлекет инженерлік инфрақұрылымды жүргізуді өз мойнына алған. Облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, фестивальдың арқасында өңірге инвесторлар тартылып, үш ірі демалыс орталығы салынған. Балқаш жағалауындағы туристік аймаққа 14 га, Қарқаралы өңіріндегі Бұғылы маңына 75 га жер бөлініп, желілер жүргізілуде. Салаға тартылған инвестиция көлемі 30 млрд теңгеге жеткен.

Приозерск пен Бектауата бағыттарына туристік маршрут ашылып, күн сайын сағат 18:00-де «Тораңғы тоғайы» бағытына экскурсия ұйымдастырылады. Фестиваль аясында 17 елден келген делегаттардың қатысуымен Халықаралық еріктілер форумы өтті. Форум үйлестірушісі Аслан Қабегенов «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында еріктілер Балқаш көлінің жағалауын тазалағанын айтты.

Фестивальда «Balkhash STEAM Serpini» жобасы аясында мектеп оқушылары эко-жобаларын таныстырды. Бұл ғылыми идеяларды іске асыруға 64 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Екінші күні Қазақстан рекордтар кітабына енген алып қазы бургері әзірленді. Оның салмағы 86 келі 400 грамм, диаметрі 88 см, биіктігі 39 см болып, былтырғы Шымкент рекордын жаңартты. «Baurdaq» желісінің директоры Аян Нұрбеков бургердің қайырымдылыққа таратылатынын жеткізді.

Сонымен қатар батпырауықтар шоуы, стронгмен Сергей Цырульниковтың күштік әдістері, донер жеу жарысы өтті. №17 мектептің 8-сынып оқушысы Ислам Тілеужан алып донерді 2 минутта жеп, бас жүлдені алды. Кешкісін Мирас Жүгінісов, Ayau, Do-Mi-No, Нұрлан мен Мұрат ән шырқап, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев спорттық сайыстардың үздіктерін марапаттады. Мерекенің шарықтау шегі Балқаш аспанына көтерілген 500 дронның шоуы болды.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда алғашқы Монтессори ғылыми-зерттеу зертханасы ашылады

Абай университеті мен Перуджадағы Халықаралық Мария Монтессори орталығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар Қазақстанда…

26 маусымда үйленуге ниет білдірушілер саны 4 мыңнан асты

Әлеуметтік желілерде бүгінгі үйлену тойларының қарқынын көрсететін бейнежазбалар жарияланып жатыр.

Студенттер тарихты оқытуға арналған «TarikhMap» платформасын жасады

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері тарих сабақтарына арналған «TarikhMap» инновациялық платформасын әзірледі.