Спорт

Бакуде қазақ күресінен XII әлем чемпионаты өтеді

Сурет: ТСМ

22-23 тамызда Әзірбайжан астанасы Бакуде қазақ күресінен ересектер арасындағы XII Әлем чемпионаты өтеді. Бәсеке Baku Sports Palace кешенінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Чемпионатқа 30-ға жуық елден 300-ден астам спортшы қатысады. Екі күнге жоспарланған жарыста ерлер мен әйелдер арасында барлығы 16 салмақ дәрежесі бойынша жүлдегерлер анықталады.

Ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 кг, ал әйелдер 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 кг салмақ дәрежелерінде белдеседі. Жарыс бағдарламасына сәйкес, әр күні іріктеу, жартылай финал, финал және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.

Чемпионатты United World Wrestling халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Әзірбайжан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырады.

Қазақстан құрамасына ел чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтаған үздік балуандар енді. Олар Бакуде ел намысын қорғап, жүлделі орындар үшін бақ сынайды.

Қазақ күресі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі спорты. Бүгінде ол Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де қарқынды дамып келеді. Қазақ күресінің шетелдегі географиясы 40-тан астам мемлекетті қамтиды.

Қазіргі таңда қазақ күресінен халықаралық жарыстардың тұрақты жүйесі қалыптасқан. Осы уақытқа дейін 11 әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты және 2 Африка чемпионаты өткізілді. Бұл жарыстар Қазақстанмен қатар Иран, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа да мемлекеттерде ұйымдастырылды.

Бакудегі XII Әлем чемпионаты қазақ күресін халықаралық деңгейде дамытуға, ұлттық спорттың беделін арттыруға және әлем елдері арасындағы спорттық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге салайық, Астанада өткен «Қазақстан Барысы-2026» турнирінде Маңғыстау облысының балуаны Жантілек Нұртілепұлы жеңімпаз атанды. Оған «Қазақстан Барысы» атағы, алтын белбеу, ауыспалы «Тайтұяқ» кубогі және 15 миллион теңге табысталды. Күміс жүлдегер 3,5 миллион теңге, қола жүлдегер 1,5 миллион теңге алды.

Көп оқылғандар