Спорт

Байдарка мен каноэден әлем чемпионатына 15 қазақстандық аттанады

Сурет: ТСМ

25-30 тамыз аралығында Польшаның Познань қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жарыс қазақ ескек есу шеберлері үшін күзде Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындықтың маңызды бөлігі саналады. Сонымен қатар чемпионат кезінде спортшылар Лос-Анджелес 2028 Олимпиадасына ұпай жинайды. Кейін осы ұпайлар қорытынды рейтинг жасақтап, лицензия таратуға тікелей әсер етеді.

Польшаға Қазақстан командасы сапында екі бағдарламада сынға түсу үшін 15 отандасымыз аттанды. Байдаркадан: Бекарыс Раматулла, Дмитрий Холмогоров, Артём Терещенко, Игорь Ряшенцев, Жахонгир Жамедов, Денис Кленин, Эвелина Костенко, Татьяна Токарницкая, Ольга Шмелёва, Стелла Суханова, Татьяна Гладкова. Каноэден: Мария Бровкова, Ульяна Киселёва, Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов.

«Әлем чемпионаты қарсаңында біз командамен осында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Қазір спортшылардың бабына келіп, жарысқа қатысуына көңіл бөліп жатырмыз. Ұлттық құрамада тәжірибелі ескек есушілер, әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері бар. Сондай-ақ бірнеше жас спортшыға мүмкіндік беріп, негізгі құрамға тартып келеміз. Мысалы, Татьяна Гладкова үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты болады. Ол маусым айында Түркістанда өткен Азия чемпионатында бәсекеге қабілетті екенін аңғартты. Бапкерлер құрамы ақылдаса келе бірлесіп шешім қабылдадық», деп айтты Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов.

51-ші рет өтетін әлем чемпионатында барлығы ерлер мен әйелдер арасында 24 жүлде жиынтығы сарапқа салынады (12 — каноэ, 12 — байдарка). Биыл аралас жұптық сайыстар (микст) бағдарламада жоқ.

Еске сала кетейік, Познань осыған дейін байдарка мен каноэде ескек есуден әлем чемпионатын 2010 жылы қабылдаған.

Көп оқылғандар