Спорт

Бағдат Сабаз Астанадағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды

Сурет: Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі

Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресінен 67 келі салмақта қола жүлдегер атанған Бағдат Сабаз медаль алу оңай болмағанын айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ол жарыстан кейін қола жүлде үшін белдесудегі күресіне көңілі толғанын, қарсыласының осал болмағанын, оның Олимпиада жүлдегері екенін атап өтті. Белдесу тартысты әрі қиын болды. Әлем чемпионаты өз елімізде өтіп жатқандықтан барын салды.

«Қола жүлде үшін белдесудегі күресіме көңілім толды. Қарсыласым осал болған жоқ. Олимпиада жүлдегері. Белдесу өте тартысты, қиын болды. Әлем чемпионаты өз елімізде өтіп жатқандықтан барымды салдым. Төрт ұпай айырмасымен жеңіліп жатқанда да іштей жеңіске жететініме сендім. Қолдау көрсеткен барша жанкүйерге ризашылығымды білдіремін. Олардың қолдауын сезіндім. Сондай-ақ жеке жаттықтырушы мен бас жаттықтырушыға көп рақмет айтамын. Сол кісілердің арқасында жеңіске жеттім», деді ол.

Бағдат Сабаз алдағы уақытта да 67 келі салмақта күресуді жалғастыратынын жеткізді.

Бұған дейін хабарланғандай, Бағдат Сабаз үшінші орын үшін белдесуде Әзербайжан өкілі Хасрат Джафаровты 8:5 есебімен жеңіп, қола медальді иеленді.

Көп оқылғандар