Спорт

Азия ойындарының алтынына 50 мың доллар төленбек

Сурет: ТСМ

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астанада ұлттық құраманың қорытынды оқу-жаттығу жиынында XX жазғы Азия ойындарындағы алтын медаль үшін берілетін сыйақы мөлшерін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спортшыларды қосымша ынталандыру жұмыстары жүргізілуде. Азия ойындарында жүлде алған спортшыларға берілетін сыйақы көлемін едәуір арттыру жоспарланып отыр. Тиісті тапсырма өңірлерге жіберілген.

Журналистер сыйақы мөлшерін сұрағанда, министр былай деп жауап берді:

«Бұл норманы заңнамалық тұрғыда енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұған дейін спортшылар 5, 10 немесе 15 мың доллар көлемінде сыйақы алатын. Енді алтын медаль үшін 50 мың доллар төлеуді жоспарлап отырмыз. Алайда дәл осы Азия ойындарында сыйақы бюджеттен тыс қаражат есебінен беріледі. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Расында, Азия ойындарындағы алтын медальдің маңызы өте жоғары. Азия құрлығында бәсекесі өте мықты құрамалар мен елдер бар. Сондықтан алтын медаль жеңіп алу оңай емес».

Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындарында спорттың 35 түрінен 570-нен астам отандық спортшы сынға түседі. Министр Ұлттық құраманың бірқатар көшбасшысының есімін атады.

Құрама сапына дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов енді. Сондай-ақ Қазақстан атынан семсерлесуден әлем чемпиондары Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов өнер көрсетеді.

Қатысушылар қатарында Азия чемпионы Ирина Бакалдина, қылыштасудан Айгерім Сарыбай, Анастасия Гулик және Карина Доспай, сондай-ақ Артем Саркисян, Назарбай Саттархан мен Нұрмұхаммед Жайлыбай бар.

Үстел теннисінен Қазақстан сапында Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев және Сарвиноз Миркадирова бақ сынайды.

Министрдің айтуынша, жалпы ұлттық құрама сапында 570-тен астам спортшы болады.

Көп оқылғандар