Сурет: Egemen Qazaqstan
Айти-Нагояда өтетін XX жазғы Азия ойындарының ұйымдастырушылары жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табысталатын медальдардың дизайнын көрсетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Медаль дизайнын жапон дизайнері Дайсукэ Сиба жасаған. Оның тұжырымдамасы «Imagine One Asia» ұранына негізделген, спорт арқылы Азия елдерінің бірлігін білдіреді.
Медальдарды жасау кезінде электронды құрылғылардан алынған қайта өңделген металдар қолданылған. Алтын медаль күмістен жасалып, сырты алтынмен қапталады. Күміс медаль таза күмістен, ал қола жүлде қызыл жезден дайындалады.
Медаль лентасына Айти префектурасының ресми гүлі саналатын жапон ирисінің бейнесі енгізілген. Ал сегіз қырлы қаптама өңірдің мәдени мұрасын білдіретін жергілікті хиноки кипарисінен жасалған.
Айта кетейік, Азиада-2026 ойындары Жапонияның Айти және Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
Мазмұнға өту
