Сурет: Арлан Олжабай
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының бірінші жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан спортшылары бірінші күні төрт алтын және екі қола медаль жеңіп алды.
Алғашқы жүлдені триатлоншы Арлан Жаңабай әкелді: ол мәреге үшінші болып жетті. Жарыста жапондық Такауми Ходжо (52:56) бірінші, қытайлық Чжан Сюжуй (53:05) екінші орын алды, ал Арлан Жаңабай 53:11 уақытымен қола медальға қол жеткізді.
Содан кейін велоспортшы Рината Сұлтанова әйелдер арасындағы жекелей сында 36 минут 23.72 секунд нәтижемен Азиада чемпионы атанды. Бұл Қазақстанның осы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медалі болды.
Келесі алтынды Алексей Луценко ерлер арасындағы жекелей сында 41 минут 24.05 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетіп жеңіп алды. Осы жеңіспен Луценко жазғы Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанды. Ол бұған дейін Инчхон (2014), Джакарта (2018) және Ханчжоу (2023) Азия ойындарында төрт алтын медаль жеңіп алған.
Сонымен қатар Қазақстанның ерлер құрамасы қазіргі бессайыстан қола жүлде алды. Командалық есепте Қазақстан үздік үштікті түйіндеді: алтын Қытайға, күміс Оңтүстік Кореяға бұйырды.
Каратэден де қазақстандықтар екі алтын медаль еншіледі. Жоламан Биғабыл кумитэ бағдарламасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында өзбекстандық Х.Халимовты 9:1 есебімен жеңді. Ал Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қарсыластарын жеңіп, төртінші алтынды әкелді.
Осылайша, Қазақстан делегациясы 4 алтын және 2 қола медальмен жалпы есепте төртінші орында тұр. Қытай (11 алтын, 6 күміс, 3 қола) мен Жапония (6 алтын, 7 күміс, 7 қола) 20 жүлдемен көш бастаса, Оңтүстік Корея 14 жүлдемен (4 алтын, 3 күміс, 7 қола) үздік үштікті түйіндеді.
Бүгін қазақстандық спортшылар суға жүзу, гандбол, ММА, жағажай волейболы, нысана көздеу және ушу спортынан жарыс жолына шықты.
