Қаржы

Астаналық жас «жеңіл табыс» үшін банк шотын беріп, айыппұл арқалады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Елорданың 19 жасар тұрғыны әлеуметтік желідегі «жеңіл табыс» туралы хабарландыруға жауап беріп, белгісіз адамдармен мессенджер арқылы байланысқан. Олар жас жігітке өз атына банк шотын ашып, криптовалюта операцияларына рұқсат беруді ұсынған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жас жігіт нұсқауларды орындап, қашықтан банк шотын ашып, мобильді қосымшаның логині мен құпиясөзін үшінші тұлғаларға берген. Осылайша ол бөгде адамдарға өз шотын пайдалануға мүмкіндік жасап, 30 000 теңге сыйақы алған.

Кейін бұл шот арқылы алаяқтық операциялар жүргізілген. Жас жігіт шотының қылмыстық жолмен алынған ақшаны аудару үшін пайдаланылғанын анықтаған.

Сотталушыға 50 АЕК мөлшерінде, яғни 216 250 теңге айыппұл салынды. Үкім 29 мамыр 2026 жылы заңды күшіне енді.

Елорда прокуратурасы банк шоттарын, төлем карталарын және мобильді банкинг деректерін үшінші тұлғаларға беру қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін ескертеді. Азаматтарды қырағы болып, мұндай ұсыныстардан бас тартуға және құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Көп оқылғандар