Сурет: Egemen Qazaqstan
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен Бас прокурор Берік Асылов Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысын тексерді. Нысан толық дайын, алғашқы матч 4 маусымда өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Стадион 1975 жылы салынып, ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген еді. Қазір мұнда заманауи футбол алаңы, жүгіру жолдары және 12 мың көрерменге арналған орындықтар орнатылған.
«Бұл – елорда тұрғындары үшін үлкен сыйлық. Стадион халықаралық стандартқа сай жабдықталды. Енді мұнда ірі жарыстар өткізуге болады», – деді Жеңіс Қасымбек.
Алғашқы ойында «Жеңіс» пен «Астана» командалары кездеседі. Қала әкімдігі билеттерді сату 1 маусымда басталатынын хабарлады.

