Шартарап

Астанада түрік миниатюра шеберлерінің «IZLEK» көрмесі ашылды

Сурет: ашық дереккөз

Астанада Түркияның танымал миниатюра суретшілері Танер Алакуш пен Ясемин Акйолдың «IZLEK» атты көрмесі ашылды. Экспозицияда суретшілердің әр жылдары жасаған 41 туындысы ұсынылған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Көрменің ашылуы 5 қарашада OzgeEpic шығармашылық кеңістігінде өтті. Іс-шараға Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу, қазақстандық суретшілер, дизайнерлер, мәдениет қайраткерлері және өнерсүйер қауым қатысты. Көрменің мақсаты – екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және дәстүрлі өнердің заманауи мүмкіндіктерін таныстыру.

Танер Алакуш миниатюра өнерімен 43 жылдан бері айналысады, осы уақыт ішінде 400-ге жуық туынды жасаған. Ал Ясемин Акйол дәстүрлі түрік миниатюрасын заманауи көркемдік тәсілдермен ұштастырады. Көрмеде тарихи оқиғалар, сәулет ескерткіштері, ұлттық мәдениет және суретшілердің жеке шығармашылық ізденістерін бейнелейтін жұмыстар қойылған.

Экспозициядағы ерекше туындылардың бірі – ерлі-зайыпты суретшілердің «Yan Yana» («Бірге») атты бірлескен жұмысы. Көлемі 15×15 сантиметр болатын шығармада анар бейнесі арқылы Ыстанбұлдың тарихи ғимараттары мен сәулет нысандары суреттелген. Оны жасауға екі ай уақыт кеткен. Сондай-ақ Танер Алакуш Осман империясының «Ертұғұрыл» фрегатының апатына арналған туындысын таныстырды. Суретте кемемен бірге қаза тапқан 527 теңізшінің есімі де бейнеленген.

Ясемин Акйол Қазақстан мен Түркия мәдениетіндегі ұқсастықтарға тоқталып, қазақтың дәстүрлі кілемдеріндегі ою-өрнектер мен түстер үйлесімі түрік өнеріне жақын екенін атап өтті. Оның айтуынша, өнер – халықтарды тілсіз-ақ табыстыратын әмбебап тіл. Ал қазақстандық суретші, «Қазақ елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұлов түрік шеберлерінің еңбектеріне жоғары баға беріп, мұндай кездесулер шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Танер Алакуш алдағы уақытта қазақстандық суретшілермен бірлескен көрмелер өткізіп, келесі сапарында жас түрік шеберлерінің жұмыстарын да таныстыруға ниетті екенін айтты. «IZLEK» көрмесі елордадағы OzgeEpic шығармашылық кеңістігінде 30 қарашаға дейін жалғасады.

Бұған дейін Ашхабадта қазақ мәдениетіне арналған фотокөрме ашылғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар