Сурет: Терроризмге қарсы орталық
Бүгін, 13 қарашада сағат 9:00 мен 18:00 аралығында елордалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб «Қазақ Ұлттық спорт университеті» ЖШС жағдайында терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өткізеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет күш-құралдарының терроризм қауіптеріне қарсы жедел әрекет ету дайындығын тексеруге бағытталған.
Оқу-жаттығу барысында университет аумағында белгілі деңгейде тыйымдар мен жаяу жүру және көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі.
«Азаматтарды өтіп жатқан шараға түсінікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған ақпараттардың таралуына жол бермеуге шақырамыз», делінген Терроризмге қарсы орталықтың ақпаратында.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы саммитінде терроризм мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін көтерді.
Бұған дейін Павлодарда терроризм туралы жалған хабар берген оқушы анықталды. Сондай-ақ Атырауда әлеуметтік желідегі тікелей эфирде өзін террорист деп таныстырған екі әйелге қатысты үш әкімшілік іс қозғалды.
Мазмұнға өту
