Спорт

Астанада теннистен Қазақстан жазғы чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Сурет: ҚТФ

Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында ересектер арасында Қазақстан жазғы чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әйелдер арасында жекелей сында алматылық Іңкәр Дүйсебай мен астаналық Сандуғаш Кенжебаева бас жүлдені сарапқа салды. Тартысты бәсекеде І.Дүйсебай 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды. Қола жүлде ақтөбелік Ева Корышеваға бұйырды.

Ерлер арасында финалда қызылордалық Ерасыл Ерділдәні 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірген ақтаулық Даниял Рахметуллаев үздік шықты. Ақтөбелік Мансұр Сайынов үшінші орынды қанағат тұтты.

Әйелдер арасында жұптық сында соңғы бәсекеде Іңкәр Дүйсебай (Алматы) мен Альбина Кәкеновадан (Астана) айласын асырған алматылықтар Асылжан мен Еркежан Арыстанбековалар жеңіс биігіне көтерілді. Алматылық Айя Нұпбай мен тараздық Анастасия Крымкова үздік үштікті түйіндеді.

Ерлердің жұптық сынында астаналық Ерасыл Бақтияр мен қызылордалық Ерасыл Ерділдә қарсылас шақ келтірмеді. Астаналықтар Ілияс Маратұлы – Ислам Орынбасар – екінші, алматылықтар Тимур Сауленко – Арсений Требухин үшінші орынға ие болды. Жарыс жеңімпаздарына Қазақстанның спорт шебері атағы беріледі.

Енді ел чемпионатына қатысқан теннисшілердің бірқатары Астанада Президент кубогы аясында өтетін халықаралық турнирлерде бақ сынайды.

Көп оқылғандар