Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған іс-шаралар кең көлемде өтті. Оның әндері елорданың әр жерінде орындалып, әлеуметтік желілерде тарады, түрлі жастағы адамдарды біріктірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мерекелік шаралардың бірі – Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театры әртістерінің қатысуымен өткен музыкалық перформанс. Олар «Арыс жағасында», «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Құшақ жайған қандай адам» және басқа да танымал әндерді орындады.
Мерекеге мәдениет, білім және жастар саясаты саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдар, балалар, зиялы қауым, аға буын және елорданың белсенді тұрғындары қатысты. Олар әндерді орындап, бейнежазбаларды әлеуметтік желілерде жариялап, музыкалық эстафетаны жалғастырды. Қала көшелерінде блиц-сауалнамалар өткізіліп, тұрғындар сүйікті әндерін атады.
Жастар қала автобустарында Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындап, жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ композитордың бейнесі елордадағы алып шолу дөңгелегінің экранында көрсетілді.
Бұл шаралар Шәмші Қалдаяқов мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, оның әндері Қазақстанның музыкалық мұрасының ажырамас бөлігі екенін тағы да дәлелдеді.
Мазмұнға өту
