Сурет: Астана әкімдігі
Астанада көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай ерекше музыкалық перформанс өтті. Музыкалық жас көрермендер театрының әртістері халыққа танымал әндерін орындап, көрерменге сыйлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жас өнерпаздар «Арыс жағасында», «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Құшақ жайған қандай адам», «Жан құрбым» және «Қайықта» сынды әндерді орындады. Қойылымның ерекшелігі – оның қала кеңістігінде өтуінде.
Әртістер пианино инсталляциясының жанында өнер көрсетті. Бұл формат музыка мен қала тұрғындарын, қонақтарды біріктірді.
«Шәмшінің әндері ұрпақты ұйыстырады. Оның әндерін әр жастағы адам біледі, сүйіп тыңдайды. Біз үшін бұл шығармалардың сахнадан ғана емес, қала кеңістігінде де шырқалып, Астананың күнделікті тыныс-тіршілігінің бір бөлшегіне айналуы маңызды», деді театр директоры Асхат Маемиров.
Сондай-ақ, музыкалық қойылымдар «Бәйтерек» монументі маңында және Арбатта ұйымдастырылды. Бүгін қазақ вальсінің короліне 96 жыл толды.
Мазмұнға өту
