Categories Көңіл ашар

Астанада «Ойыншықтар хикаясы 5» фильмінің қазақ тіліндегі жабық көрсетілімі өтті

Сурет: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы

Астанада Disney&Pixar студияларының «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі жабық көрсетілімі өтті. Шараны халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараның мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы мазмұнды қолдау, қазақша дубляждың маңызын насихаттау және тіл жанашырларын бір алаңға жинау.

Disney компаниясы фильмдерді әр елдің аудиториясына бейімдеп, жергілікті тілдерге дубляждауды дәстүрге айналдырған. Жыл сайын компания өз туындыларының 40-тан астам тілдегі нұсқасын дайындайды. Соңғы үш жылда Disney «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» және басқа да 10-нан астам фильмді қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды.

«Ойыншықтар хикаясы 5» фильміндегі кейіпкерлерді қазақ тілінде Әбілмансұр Серіков (Созалақ, пицца), Бота Мия (Долли), Асан Мәжит (Тікенек мырза), Зарина Кәрмен (Трикси, Боннидің мамасы), Шах-Мұрат Ордабаев (Рекс) сөйлетті. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мазмұнға деген сұраныстың жүйелі түрде артып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгін біз қазақша дубляжды қолдап жүрген тіл жанашырларын арнайы жинадық. Мұндай көрсетілімдердің мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы мазмұнға деген қолдауды күшейту және көрермен назарын аудару. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі фильмдерге деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Кинотеатрларға қазақша сеанстарға келетін көрермен көбейді, ата-аналар балаларын қазақ тіліндегі фильмдерге жиі алып келе бастады. Бұл – қазақ тіліндегі контент нарығының қалыптасқанын көрсететін маңызды өзгеріс. Әлемдік студиялардың қазақ тіліндегі дубляжға тұрақты түрде инвестиция салуы да осы сұраныстың нәтижесі деп ойлаймын. Сондықтан қазақ тіліндегі фильмдерді қолдауға шақырамыз», деді Рауан Кенжеханұлы.

Ұқсас жазбалар

Димаш Құдайберген «Алтын белгі» иегеріне ноутбук сыйлады

Димаш Құдайберген Астанадағы №83 мектеп-лицейінің «Алтын белгі» иегері Максим Цойға ноутбук сыйлады.

«Қала хикаялары» әдеби байқауы жарияланды

Мәдениет және ақпарат министрлігі жүлде қоры мол «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқау жариялады.

Димаш Құдайберген Алтай төрінде ән шырқайды

10-12 шілде аралығында Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі өтеді. Басты қонақ –…