Сурет: Ашық дереккөз
Астанада күн жылына салысымен маса мен шыбын-шіркей қаптап, тұрғындардың мазасын қашыра бастады. Биыл көктем салқын болса да, қансорғыш жәндіктер ерте көбейіп кетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігі масаға қарсы күрес шараларын қазан айына дейін жалғастыратынын мәлімдеді. Зиянкестерді улау жұмыстары арнайы кесте бойынша жүргізілуде.
«Біз масаның көбеюіне жол бермей, тұрғындардың тыныштығын сақтау үшін бар күшімізді саламыз. Улау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, қазан айына дейін жалғасады», – деді қалалық экология басқармасының өкілі.
Масаның көптігіне байланысты тұрғындар ашық аспан астында демалу қиындап кеткенін айтады. Әсіресе кешкі уақытта саябақтар мен өзен жағалауында масадан қашып құтылу мүмкін емес.
Әкімдік тұрғындарға улау жұмыстары кезінде терезелерді жауып, уақытша сыртқа шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ қала сыртындағы демалыс орындарында да масаға қарсы шаралар жүргізілуде.

