Сурет: Egemen Qazaqstan
Халықаралық конькишілер одағы (ISU) 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын Астана қаласы қабылдайтынын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әлемдік мәнерлеп сырғанау спортындағы ең беделді жарыстардың бірі 9-14 ақпан аралығында өтіп, Азия, Америка, Африка және Тынық мұхиты құрлықтарының үздік спортшыларын жинайды. Бұл Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан өтетін ең ірі турнир болмақ.
ISU шешімін сарапшылар 2026 жылы ерлер арасындағы жекелей сында Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров жетістігінен кейін, аталған спорт түрінің танымалдығы күрт артуымен байланыстырып отыр.
ISU мәліметінше, турнирдің Қазақстанда өтуі Орталық Азия жанкүйерлеріне мәнерлеп сырғанаудың әлемдік жұлдыздарын өз көздерімен көруге бірегей мүмкіндік береді. Бұған дейін еліміз ірі қысқы спорт жарыстарын, соның ішінде 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары мен 2017 жылғы Қысқы Универсиада қабылдаған болатын.

