Шартарап

Астанада «Болашақ ойындары 2026» халықаралық фиджитал турнирі өтеді

Сурет: Istockphoto.com

Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында фиджитал спорттан әлемдегі ең ірі мультиспорттық жарыстардың бірі – «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) Powered by Samruk-Kazyna өтеді. Бұл додаға 50-ден астам елдің өкілдері қатысып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар мен командалар бақ сынайды. Сондай-ақ елордаға мыңдаған шетелдік қонақ келеді. Бұл оқиғалық туризмнің дамуына серпін беріп, Астананың халықаралық беделін нығайтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Турнир тек спорт үшін емес, ел экономикасы үшін де маңызды. Іс-шара қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, қызмет көрсету және шағын кәсіпкерлік салаларына оң әсер етеді. Сонымен қатар Қазақстанның ірі спорттық жарыстарды жоғары деңгейде өткізе алатын мемлекет ретіндегі халықаралық имиджін күшейтеді.

Екі апта бойы Астана дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін сегіз фиджитал дисциплинасы бойынша әлемдік жарыстардың орталығына айналады. Жарыстар елорданың төрт спорт нысанында өтеді.

Ұйымдастырушылар қатысушылардың соңғы құрамын бекітті. Жүлделі орындар үшін халықаралық іріктеу кезеңінен өткен әлемнің үздік командалары мен спортшылары бақ сынайды. Қатысушылар қатарында Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасы елдерінің өкілдері бар.

Билеттерді Freedom Ticketon платформасынан, Freedom SuperApp мобильді қосымшасы арқылы немесе турнирдің ресми сайтынан сатып алуға болады. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер үшін жарыстардың ресми онлайн-трансляциясы ұйымдастырылады.

«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) Powered by Samruk-Kazyna турнирінің Қазақстанда өтуі еліміздің ірі спорттық іс-шараларды өткізу әлеуетін дәлелдеп, заманауи спорт бағыттарын дамытуға серпін береді.

Көп оқылғандар