Шартарап

Астанада «Болашақ ойындары – 2026» басталады: жүлде қоры 4,65 млн доллар

Сурет: Egemen Qazaqstan

29 шілдеде Астанада алғаш рет халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» турнирі басталады. 12 күнге созылатын жарысқа әлемнің 50-ден астам елінен 800-ден астам спортшы қатысып, жалпы жүлде қоры 4 миллион АҚШ долларынан асатын бәсекеде бақ сынайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана әлемдегі ең ірі фиджитал спорт турнирі – «Болашақ ойындарын» (Games of the Future) қабылдайды. Қазақстан бұл жарысты алғаш рет өткізіп отыр.

Фиджитал спорт – дәстүрлі спорт пен киберспортты біріктіретін жаңа формат. Мұнда қатысушылар алдымен ойынның цифрлық нұсқасында бақ сынап, кейін сол спорт түрінің алаңдағы немесе рингтегі кезеңіне шығады. Екі кезеңдегі нәтижелер қосылып, жеңімпаз анықталады. Сондықтан спортшылардан тек компьютердегі шеберлік емес, жоғары физикалық дайындық, жылдамдық, тактикалық ойлау және төзімділік талап етіледі.

Биылғы турнирде 8 дисциплина бойынша жарыстар өтеді. Олар – фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал шутер, фиджитал жекпе-жек, фиджитал би, MOBA PC, MOBA Mobile және Battle Royale.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирге 50-ден астам елден 800-ден астам спортшы қатысады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 4,65 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал ең ірі жүлде қоры – 1 миллион доллардан – Battle Royale және MOBA PC дисциплиналарында сарапқа салынады.

Жарыстар Астанадағы бірнеше спорт нысанында өтеді. Атап айтқанда, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, Beeline Arena және «Барыс Арена» доданы қабылдайды.

Көп оқылғандар