Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өткен «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі 12 күнге созылды. Оған 50-ден астам елден 800-ден астам қатысушы келді, ал трансляцияларды әлем бойынша 453 миллионнан астам көрермен тамашалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жарыс елорданың 4 спорт нысанында 8 дисциплина бойынша өтті. 108 команда қатысып, жалпы жүлде қоры 4,75 млн долларды құрады. Трибуналардан 29 мыңға жуық көрермен командалардың өнерін тамашалады.
Турнирдің халықаралық медиа қамту ауқымы кең болды: жарыс 289 арна, оның ішінде 56 медиа серіктес пен 229 стример арқылы таратылып, 150-ден астам ел мен аумақта 20 тілде қолжетімді болды. Жиынтық ықтимал медиа қамту аудиториясы 7,68 млрд адамды құрады.
Қазақстан командалары барлық сегіз дисциплина бойынша бақ сынады. Отандық спортшылар үшін басты жетістік – Team KZ командасының Phygital Shooter (CS2) дисциплинасында чемпион атануы.
«Болашақ ойындарын» өткізу Қазақстанда фиджитал-спортты дамытудағы маңызды қадам болды. Бұл формат виртуалды кезеңнен кейін нақты спорт алаңында бәсекеге түсуді қамтиды, цифрлық технологиялар мен физикалық белсенділікті үйлестіреді. Осылайша, фиджитал-спорт жастарды белсенді өмір салтына ынталандырады.
Турнирдің халықаралық деңгейде таралуы спорт саласына ғана емес, Қазақстанды әлемдік аренада танытуға да ықпал етті. 150-ден астам елде көрсетілген трансляциялар шетелдік көрермендерге Астананың заманауи келбеті мен инфрақұрылымын таныстырды. Бұл елдің туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізді.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Келесі жылы Қазақстан киберспорттан әлем чемпионатын өткізеді. Мұндай турнирлер отандық спортшылардың кәсіби деңгейін арттырып, халықаралық тәжірибе мен озық технологияларды тартуға мүмкіндік береді.
«Болашақ ойындары – 2026» Қазақстан үшін ірі халықаралық спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар жарыстардың жаңа буынын жоғары деңгейде өткізуге дайын екенін көрсетті. Турнирдің ауқымды медиатаралымы елдің туристік әлеуетін ілгерілетуге және халықаралық имиджін нығайтуға ықпал етті.
Мазмұнға өту
