Басты тақырып

Астанада бала көлікті оталдырып, дәмханаға соғылды

Сурет: Depositphotos.com

Астанада кәмелетке толмаған бала автокөлікті іске қосып, дәмхана ғимаратына соғылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 6 қарашада болған. Соғылған көліктің суреті әлеуметтік желілерде тараған.

Daimler Chrysler автокөлігінің жүргізушісі дүкенге кіріп, көлікті қараусыз қалдырған. Сол сәтте оның кәмелетке толмаған ұлы жүргізуші орнына отырып, оталдыру кілтін бұраған.

«Көлік жүріп кетіп, дәмханалардың бірінің ғимаратына соғылған. Салдарынан терезесі зақымданған. Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Көлік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылды», деп мәлімдеді полиция департаменті.

Баланың әкесі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Дәмханаға келтірілген материалдық шығын өтеледі.

Полиция ата-аналарға қысқа уақыт болса да балаларды көлікте қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, Көкшетауда мектептердің бірінің маңында бала жүріп бара жатқан көліктен құлап, оқиға куәгердің видеорегистраторына түсіп қалған.

Көп оқылғандар