Шартарап

Астанада BaiQymyz-2026 гастрофестивалі: 56 тонна қымыз және 59 өндіруші

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанадағы «Қазанат» ипподромында ұлттық мәдениет пен дәстүрлі тағамдарды насихаттауға арналған BaiQymyz-2026 гастрофестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден 59 қымыз өндіруші қатысып, қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылды. Осылайша КИнЭС рекорды жаңартылды.

Жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайтын байқауда «BaiQymyz-2026», «Ем қымыз» және «Халық таңдауы» аталымдары бойынша үздіктер анықталады. Жеңімпаздарға ақшалай және бағалы сыйлықтар, ал бас жүлде иесіне автокөлік беріледі.

Жоба авторы Жұмажан Қалтаевтың айтуынша, фестивальдің 11 шілдеде басталуының мәні зор: «Халқымыз 6000 жылдан бері ат мініп, қымыз ішіп келеді. Екінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль биыл 11 шілде – Халықаралық жылқы күніне тұспа-тұс келіп отыр. Ата-бабамыз осы ұлан-ғайыр жерді жылқының күшімен сақтап қалған. Сондықтан осы асыл мұрамызды бірге дәріптеуіміз керек».

Фестиваль бағдарламасында ұлттық ат спорты ойындары, суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері, Er qanaty жылқылар шеруі, көкпар, шөген және аударыспақ ойындары көрсетілді. Ұлттық тағам өндірушілері де өз өнімдерін ұсынды.

Этнограф Саяхат Әсімхан фестивальдің ұлттық кодты жаңғыртудағы маңызын атап өтті: «Фестивальдің «BaiQymyz» аталуының да өзіндік мән-мағынасы бар. Сан ғасырлар бойы отарлық саясат санамызға бай ұғымының жағымсыз екендігін сіңдіріп келді. Енді осы түсініктен арылатын уақыт келді. Еліміздің азаматтары бақуатты, бай болуы керек. Себебі әр халық түптеп келгенде тек өзінің ерекшеліктері арқылы дами алады».

BaiQymyz-2026 гастрофестивалі екі күнге жоспарланған. Екінші күні «Ең үздік қымыз» байқауының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтеді.

Көп оқылғандар