Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанадағы «Бәйтерек» монументі алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық іс-шара өтті. «Астана Тазалық» мекемесінің 100-ге жуық қызметкері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Елорданың тазалығы мен көркеюіне күн сайын үлес қосып жүрген коммуналдық қызметкерлер бұл бастама арқылы мемлекеттік рәміздерге деген құрметін білдірді. Кәсіпорында 1500-ден астам адам еңбек етеді.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – патриоттық рухты нығайту, ел бірлігін дәріптеу және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын насихаттау.
«Таза сана – таза қала» қағидатын ұстанған мекеме қызметкерлері қаланың тазалығын қамтамасыз етумен қатар, қоғамда отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеуге де ерекше мән береді.
Іс-шара соңында ұжым отандастарымызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

