Сурет: istockphoto.com
Астана тұрғыны жеке деректерді таратамын деп қорқытып, жәбірленушіден 17,6 млн теңгеден астам ақша талап еткен. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы жәбірленушінің жеке өміріне қатысты мәліметтерді жариялаймын деп қорқытқан. Осылайша ол ақша талап еткен.
Психологиялық қысымды күшейту үшін ер адам мессенджерде құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған аккаунт ашқан. Ол жәбірленушіні ақша беруге көндіріп, мәселені сол арқылы шешуге болатынын айтқан.
Осыдан соң жәбірленуші жалпы сомасы 17,6 млн теңгеден астам ақша берген.
«Мемлекеттік айыптаушы сот отырысында сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық қажетті дәлелдемелерді ұсынды. Сот үкімімен қала тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ», делінген Астана қаласы прокуратурасының хабарламасында.
