Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Астанадағы «Қазанат» ипподромында аэротаксидің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл – елімізде қалалық әуе мобильдігін дамытудағы алғашқы нақты қадам. Қытайлық «AutoFlight» компаниясы әзірлеген Prosperity әуе кемесі тік ұшып, тік қона алады. Ол бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған, сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұшады, ал ұшу қашықтығы 200 шақырымды құрайды.
Әуе кемесі толығымен электр қуатымен жұмыс істейді, сондықтан зиянды шығарындылар жоқ және дәстүрлі тікұшақтарға қарағанда әлдеқайда тыныш. Бұған дейін мұндай көлік түрін пайдалану үшін заңнамалық база болмаған, енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемелерінің, вертипорттардың және төмен биіктіктегі әуе қозғалысын басқару жүйесінің құқықтық мәртебесін айқындады.
Аэротакси болашақта жолаушы тасымалынан бөлек, жедел медициналық көмек, құтқару жұмыстары, шұғыл жүк жеткізу, табиғи апаттар кезінде әрекет ету және туристік бағыттарды дамыту үшін де қолданылуы мүмкін. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, БАӘ және Еуропа елдері қалалық әуе мобильдігін дамытуға инвестиция салуда.
Демонстрациялық ұшуға мемлекеттік органдар, авиация мамандары, инвесторлар мен халықаралық серіктестер қатысты. Жобаны қазақстандық «Alatau Advance Air Group Ltd.» (AAAG) компаниясы Оңтүстік Кореяның «Korea Airports Corporation», Италияның «UrbanV» және Қытайдың «AutoFlight» компанияларымен бірге іске асыруда.
Қалалық әуе мобильдігін дамытудың пилоттық алаңы ретінде Алатау қаласы таңдалды. Онда вертипорттар салу, төмен биіктіктегі әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесін енгізу, техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашу және UAM Center Eurasia орталығын құру жоспарланған.
Мазмұнға өту
